Иман ақиқаттарын жоққа шығару мүмкін бе? Бір нәрсені қабылдамау мен жоққа шығару сырттай бір-біріне жақын көрінгенімен, ақиқатында үлкен айырмашылық бар. Ұстаз Бәдиуззаман хазреті кітаптарында бұл мәселеге аса мән беріп, назарымызды аудару арқылы бізді үлкен зиян мен қауіптен құтқарған. Қаласаңыз оның кітаптарынан осы мәселеге қатысты бір бөлімін сіздермен бөлісейін. “Арнайы бір орынға немесе нақты бір жерге бағытталмаған жоққа шығарулар дәлелденбейді” деген мәшһүр бір қағида бар. Мысалға, егер мен бір нәрсенің дүниеде бар екенін дәлелдесем, ал сен оны “Дүниеде жоқ” десең, бір ғана дәлел арқылы оңай түрде дәлелденетін ол нәрсені жоққа шығару үшін сен бүкіл дүниені шарлап, тексеріп көрсетуің қажет болады. Тіпті өткен заманың бәрін көруің қажет. Содан кейін ғана “Жоқ! Ондай нәрсе болмаған” дей аласың. Мән беріп қарасаңыз бұл өте қиын. Ал қандай да бір нәрсенің бар екенін дәлелдеу болса, өте оңай. Мысалға, Рамазанда жаңа туған айды көргенін немесе “Жер бетінде сүт консервілеріне ұқсайтын кокос жаңғағының бақшасы бар екенін мәлімдеген екі адам, оны жоққа шығарған мың адам болса да айтқанын дәлелдеп, жеңіп шыға алады. Неге? Себебі, дәлелдеуші адам бір ғана кокос жаңғағын немесе бақшасын көрсетсе сөзін оңай түрде растай алады. Дәлелдеу өте оңай. Бірақ оны жоққа шығарған адам бүкіл жер бетін шарлап, тексергеннен кейін ғана, оның еш жерде жоқ екенін дәлелдейді. Сол сияқты, Жәннаттан және мәңгі бақыт әлемінен хабар берген адам оны дәлелдеп, оның бір ғана белгісін, бейне бір кино экранындағыдай көрінісін немесе үлгісін көрсетумен-ақ мәселесін дәлелдей алады. Ал оны жоққа шығарған адам, бүкіл әлемді және әзәлден әбәдқа (яғни мәңгіліктен шексіздікке) дейінгі бүкіл замандарды көрумен және көрсетумен ғана жоққа шығарған мәселесін дәлелдей алады. Осы маңызды сырға байланысты, “Арнайы бір жерге бағытталмаған және иман ақиқаттары секілді бүкіл әлеммен байланысты болған жоққа шығарулар дәлелденбейді” деп, үлкен ғұлама ғалымдар бірауыздан келісіп, оны негізгі қағида ретінде қабылдаған. Қаласаңыз бұл мәселеге біраз тоқталайық.. Себебі, мәселенің түсінікті болуы үшін мысалдардың үлкен пайдасы бар. Мысалы, қолымда қалам жоқ десем, бұны сізге қалай дәлелдесем болады? Әрине көрсету арқылы! Қолымның жан-жағын көрсету арқылы қаламның жоқ екенін оңай түрде дәлелдеймін. Алдымдағы орындықта жоқ десем, оны қалай дәлелдей аламын? Әрине орындықты көрсету арқылы.. Ал мына бөлмеде жоқ десем, оны дәлелдеу үшін не істеуім керек? Бөлменің барлық жерін, қаламның көлеміндей бос жер қалдырмастан көрумен және көрсетумен ғана дәлелдей аламын. Ал ішінде отырған мына ғимаратта қалам жоқ десем, бұл сөзімді қалай дәлелдеймін?! Бүкіл ғимаратты тексеру арқылы.. Ғимараттың барлық жерін бір сәтте көру арқылы.. Бірақ бірінші қабатты тексеріп жатқанда қаламды екінші қабатқа шығарды. Екінші қабатқа шыққанымда үшінші қабатқа шығарды. Үшке шыққанымда қайта астыңғы қабатқа түсірді. Сонда ғимаратта қаламның жоқ екенін қайтсем дәлелдей аламын? Ғимараттың жан-жағының бәрін бір сәтте көрместен ғимаратта қаламның жоқ екенін айта алмаймын. Құдды қолымда қалам жоқ деп айтқанымда, қолымның барлық жерін бір сәтте көріп, қамтып алғаным сияқты.. Егер бүкіл ғимаратты қолымды көргендей бір сәтте көре алмасам, ішінде қаламның жоқ екенін айта алмаймын. Ал енді мына қалада қалам жоқ десем, не істесем қаламның жоқ екенін дәлелдей алатынымды білуім керек. Өйткені қандай жағдайда қаламның жоқ екенін дәлелдей алатынымды түсінгенімде, мынаны ұғамыз..: Иман ақиқаттарын жоққа шығару әсте мүмкін емес. Адамдардың күші оған жетпейді. Адамдар бұл мәселеде әлсіз. Сенбеуі мүмкін, қабылдамауы мүмкін. Бірақ жоққа шығара алмайды. Мен оған сенбеймін деген сөз бен жоқ деп айтудың арасында өте үлкен айырмашылық бар. Жоқ деген адам бір үкім беріп тұрғандықтан, сөзін дәлелдеуге міндетті. Енді, қалада қалам жоқ десем, оны қалай дәлелдей аламын? Қаланың бүкіл жерін, қаламның көлеміндей бос жер қалдырмастан бір сәтте көрумен ғана дәлелдей аламын... Ал енді қаламның жер шарында жоқ екенін айтсам, оны қалай дәлелдей аламын? Бүкіл жер шарын, қаламның көлеміндей бос жер қалдырмастан бір сәтте қамтып көре алмасам бұл сөзімді дәлелдей алмаймын, оған күшім жетпейді. Бұл айтылғандар ақылға қонымды ма? Дәлелдеу мүмкін бе? Еш ақылға қонбайтын нәрселер! Дәлелсіз, ақиқатқа жанаспайтын бос сөздер. Біз мұны қисынсыз дейміз. Мантық ілімінде де (тәһәккум) шарасыздық деп айтылған. Яғни ешбір дәлелі жоқ жалған сөздер. Ал енді мысалды тағы біраз кеңейтіп көрейік.. Әлемде қалам жоқ десем, оны қалай дәлелдей аламын? Жоғарыда айтқанымыз сияқты бүкіл әлемде қаламның көлеміндей бос жер қалдырмастан дүниенің түкпір-түкпірін бірден көріп, қамти алуым керек. Сонда ғана сөзімді дәлелдей аламын. Ал бұл - мүмкін емес. Ал енді бүкіл замандар мен әлемдерде, мекендер мен кеңістіктерде қаламның жоқ екенін айтсам, оны қалай дәлелдеуге болады? Бүкіл әлемдерді, замандарды, мекендер мен кеңістіктерді болмыс атаулының әрбір түкпірін бір сәтте көріп қамти алмасам, әсте дәлелдей алмаймын. Міне иман ақиқаттары бүкіл әлеммен, замандармен, мекендермен байланысты болғандықтан жоққа шығару мүмкін емес. Тақырыпты біраз өзекті бір мысалмен қарастырып көрейік. Баршаға мәлім, әлемде ұшатын табақшаларға қатысты зерттеу орталықтары бар. Олардың құрылу себебі, олардың бар екені жайлы бірнеше зерттеулер мен хабарлар ғана. Ал енді адамдар не үшін нақты бір сеніммен, нақты бір шешіммен оларды жоққа шығармайды? Мысалыға ондай ұшатын табақшалар дүниеде жоқ деп айта аламыз. Өйткені электро магниттік сигналдар арқылы әлемнің барлық жерін әрдайым бақылап отырмыз. Осыған байланысты әлгіндей бір нысанның біздің назарымыздан тыс қалуы мүмкін емес деуге болады. Өйткені жер шарының барлық жерін бір сәтте көріп, қамтып, бақылап отырмыз. Ал Марста жоқ деп айта аламын ба? Марсты да Жер шары секілді қамтып, бақыламастан айта алмаймын. Ал Юпитерде, Сатурнда, Плутонда немесе басқа галактикада, әлемнің арғы жағында жоқ деп айтуға бола ма? Әрине айта алмаймыз! Адам: “Меніңше жоқ; Мен оларға сенбеймін” дей алады. Бірақ “жоқ” дей алмайды. “Жоқ” деген сәтте, бұл сөз үкім болып саналғандықтан, оның жоқ екенін растайтын дәлелі болу керек. Ал жоқ екенін қалай дәлелдей алады? Жоқ екенін, онымен байланыста болған бүкіл әлемді, мекенді, заманды және кеңістіктердің (2,3,7d) бәрін бірден көру арқылы ғана жоқ дей алады. Ал оған күші жете ме? Әрине жоқ! Олай болса жоққа шығара алмайды. Періштелерді жоққа шығарған адам бар ма? Бар! Ол адамдар неге байланысты Періштелерді жоққа шығарып жатыр? Көрмеді (көзбен көрмегендігі үшін) Жарайды, “Көрмеу жоқ екеніне дәлел бола ала ма?” “Көріп тұрған жоқпын” дей алады! Бірақ “Жоқ” деп айту мүлдем басқа. “Мен көрмей тұрмын, олай болса жоқ” деп кесіп айта алмайды. “Америкадағы адамдарды көріп тұрғаным жоқ, олай болса олар жоқ” деуге бола ма? Астыңғы қабатта қазір ешкім жоқ десем ше! Қайдан білдің? Өйткені көріп тұрған жоқпын. Жоқ деп айтқаныма бола астыңғы қабаттағы адамдар жоқ болып қала ма? Бұл қаланың ең үлкен көшесінде қазір ешкім жоқ! Не үшін жоқ?! Өйткені көріп тұрған жоқпын. Бұлай айтуға бола ма? Ұзақтағы қалада ешкім өмір сүрмейді немесе көзім жетпеген көкжиектің арғы жағында ешбір мақлұқ, ешбір жанды жоқ! Қайдан білдің?! Себебі “көрмей тұрмын” деуге бола ма? “Көріп тұрған жоқпын” дей алады, бірақ “жоқ” дей алмайды. “Жоқ” деген сәтте, бұл сөзі бір үкім болғандықтан, қайталап айтамыз жоқ екенін дәлелдеуге мәжбүр болады. Бірақ жоқ екенін дәлелдей алмайды. Өйткені бәрін бір сәтте көріп, қамтып алуға күші жетпейді. Адам қабырғаның арғы жағын көре алмайды. Оңы мен солын да толық қамти алмайды. Өте тар болған таяз қамту назарымен бүкіл әлеммен байланысты болған иман ақиқаттарын қалайша жоққа шығарады?! Сол үшін жоққа шығару, дәлелденуі әсте мүмкін емес бос сөздер болып саналады. Дәл сол сияқты, Пайғамбарды аләйһиссәләмді және басқа Пайғамбарларды жоққа шығарған адамдар бар ма? Бар! Ол адамдар Пайғамбарларды қалайша жоққа шығарады? Пайғамбар хазіретінің және басқа Пайғамбарлардың өмір сүрмегенін және олардың болмағанын қалай дәлелдей алады? Оларға бұл нәрсені түсіндіруіміз керек. Себебі әсте дәлелдей алмайды. Егер бір адам хазреті Пайғамбар аләйһиссәләмің және басқа Пайғамбарлардың замандарында және мекендерінде өмір сүрсе, сөйтіп былай десе: “Мен, сендер айтқан замандар мен мекендерде, сол мемлекеттер мен сол дәуірлерде болдым, ондай адамды көрмедім. Сондықтан мен олардың болмағанына куәмін” десе, сенуіміз мүмкін. Бірақ олай жасай алмайды. Бір минут алдыңғы және бір минуттан кейінгі уақытқа өте алмайды. Пайғамбар аләйһиссәләмің мұғжизасын жоққа шығарғандар бар ма? Бар! Олар неге байланысты мұғжизаны жоққа шығарып жатыр? Алдында айтқанымыздай: “Мен сенбеймін”, “қабылдамаймын” дей алады. бірақ “жоқ” дей алмайды. Егер жоқ десе, онда бұл сөзін дәлелдеу үшін сол заман мен мекенде хазреті Пайғамбармен бірге болып, Оның болмағанын куә болуы керек. Жоққа шығарған адам оған куәгер ма? Ондай мүмкіндігі бар ма? Жоқ! Олай болса, жоққа шығара алмайды. Қайталап айтамыз: “Сенбеймін”, “Қабылдамаймын” дей алады. бірақ “Жоқ” дей алмайды. Құран – Алланың сөзі екенін жоққа шығарған адам, Алланың сөзі еместігін қалай дәлелдей алады?! Жоғарыда айтқанымыздай, сол заман мен мекенде хазреті Пайғамбармен және Жәбірейіл періштемен бірге болуы керек, сөйтіп; “Мен олармен бірге едім. Ондай бір уахи келмеді” деуі керек. Бірақ олай айта алмайды. Сол себепті иман ақиқаттары - бүкіл әлеммен, заманмен, мекендермен байланысты болғандықтан, жоққа шығару мүмкін емес. Егер жоққа шығаратын болса, бұл сөздері дәлелсіз, ақиқатқа жанаспайтын бос сөздер күйінде қалады.
