Менің атым - Қожа. Фамилиям – Қадыров. Қадыр – менің әкем. Мен әкемнің қандай адам екенін де білмеймін. Өйткені ол майданға аттанғанда мен екі жастамын. Екі жасар бала не біледі, не түсінеді? Сол кеткеннен абзал әкем мол кетті, оралмады… Сөйтіп, мен сендерге өзімнің аты-жөнімді айттым. Ал көркем шығармада кейіпкердің кім екені аталып қана қоймай, сырт бейнесі қоса сипатталатын дәстүр бар ғой. Енді соған көшейін. Тоқтаңыз, бұл үшін әуелі өзімді-өзім айнадан байқып қарап алайын… Мынау, міне, мұрын. Әжем кейде менің атымды атамай «Тепіш неме» дейді. Оның айтқаны ып-рас екен ғой. Екі танаума екі саусағым еркін сыйып кетеді, қосауыз мылтықтың аузындай үңірейіп тұр. Екі шекемнің шығыңқылығы болмаса, басым қарбыз тәрізді доп-домалақ.